Оқушылардың интернет қауіпсіздігі туралы түсінігін кеңейту, интернеттегі алаяқтықтың түрлерімен таныстыру және сақтану жолдарын үйрету.
2025 жылдың 14 қазан күні мектебімізде «Интернеттік алаяқтар» тақырыбында түсіндіру және алдын алу бағытында ақпараттық жиналыс өткізілді. Шараға Маңғыстау облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Гайбуллаев Куралбек Мырзабекұлы, Ақтау қаласы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Нукатов Нурхат Шакирұлы және Ақтау қаласы ПБ ЖПҚ ЮПБ полиция капитаны Жүсіпбеков Өркен Мұсаұлы қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылар арасында интернет кеңістігін дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру, онлайн алаяқтықтың кең таралған түрлері жайлы ескертіп, киберқауіпсіздікті сақтау жолдарын түсіндіру.
Жиналыс барысында құқық қорғау органдарының өкілдері заманауи киберқылмыстардың мысалдарын келтіріп, алаяқтар жиі қолданатын әдістер – жалған сілтемелер, фейк парақшалар, бейтаныс нөмірлерден келген хаттар мен сілтемелер, қаржылық деректерді алдау жолымен алу – туралы нақты ақпарат берді. Сонымен қатар, банк карталары, ЖСН, құпия сөз секілді жеке деректерді ешкімге жария етпеу керектігі қатаң ескертілді.
Оқушылар спикерлерге сұрақтар қойып, өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша кеңестер алды. Жиналыс тәрбиелік, құқықтық және ақпараттық тұрғыдан өте маңызды мазмұнмен өрбіді.
Жиналыс оқушыларға интернеттегі қауіптер туралы маңызды мағлұмат беріп, жеке қауіпсіздікті сақтау мәдениетін қалыптастыруға жол ашты. Шара мақсатқа сай өткізіліп, оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыруда өз үлесін қосты.

