1-4 бастауыш сыныптарында «Елім менің – Қазақстан» тақырыбында қабырға газеттері дайындалып, көрмеге қойылды. Бұл бастама Республика күніне арналған апталық аясында жүзеге асырылып, жас буынның елге деген құрметі мен сүйіспеншілігін көркем түрде жеткізуге бағытталды.
Қабырға газеттерін дайындау барысында оқушылар ұстаздарының жетекшілігімен еліміздің мемлекеттік рәміздерін, көрікті жерлерін, ұлы тұлғаларын бейнелеп, түрлі суреттер салып, мағыналы өлең шумақтары мен ұран сөздер жазды. Әр сынып өз елін мақтан тұтатынын көркем тілмен жеткізіп, балалардың қиялы мен патриоттық сезімі жарқын бояумен өрнектелді.
Газеттерден балалардың өз Отанын шын жүректен сүйетіндігі, ел болашағына сеніммен қарайтыны анық байқалды. «Қазақстан – менің Отаным», «Бейбіт ел – бақытты балалық шақ», «Тәуелсіздік – тұғырым» сынды айдарлар аясында жасалған жұмыстар көз тартарлықтай әсерлі шықты.
«Елім менің – Қазақстан» қабырға газеттері оқушылардың шығармашылық ойлауына жол ашып, патриоттық тәрбиенің маңызын айқындай түсті. Мұндай игі бастамалар арқылы оқушылар ел тарихын тереңірек тануға, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін мақтан етуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиеленеді.

